Ақша табу үшін Threads желісінде әскердегі зорлық-зомбылық туралы жалған ақпарат таратқан 23 жастағы астаналық сотталды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Полиция мәліметінше, жігіт әскери қызмет кезінде өзіне жыныстық зорлық-зомбылық жасалғанын ойдан шығарып, өміріне қауіп төніп тұрғанын айтып, шетелге кету үшін қаржылай көмек сұраған. Жазбаға ақша аударуға арналған банк реквизиттерін де қоса көрсеткен.
Әлеуметтік желіні пайдаланушылардың бірі бұл жігіттің үстінен шағым түсірген. Полиция ақпараттың шындыққа сәйкес келмейтінін анықтады. Сотталған азамат ешқашан әскери қызмет өтемеген. Ақша жинау үшін ол мән-жайды білмейтін 17 жастағы танысының банк шотын пайдаланған. Екі күннің ішінде бұл шотқа 15-тен астам ақша аударымы түскен.
Тергеу барысында күдікті жалған ақпаратты тек ақша табу мақсатында жариялағанын мойындады. Алаяқтық және көрінеу жалған ақпарат тарату фактілері бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сот шешімімен ол кінәлі деп танылып, 3 жылға бас бостандығынан айырылды.
