Бельгиядан мемлекеттік сапармен келген Король Филипп пен Королева Матильданы Астана әуежайында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жеке қарсы алды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Корольдік жұп отырған ұшақты еліміздің шекарасынан өткен сәттен бастап астананың әуежайына дейін Қазақстан Әскери-әуе күштерінің истребительдері сүйемелдеп келді.

Ұшу алаңында салтанатты қарсы алу рәсімі аясында құрметті қарауыл ротасы мен президенттік оркестр сапқа тұрғызылды.

Бұған дейін «Курсив» Король Филипп пен Королева Матильданың Қазақстанға 11-14 қазан аралығында мемлекеттік сапармен келетінін жазған болатын.

Тоқаевпен кездесу барысында тараптар екі ел арасындағы ынтымақтастықты талқылайды. Сапар бағдарламасында «Қазақстан – Бельгия» іскерлік кеңесінің отырысына және екі ел университеттері ректорларының форумына қатысу қарастырылған. Сондай-ақ басқа да іс-шаралар жоспарланған.

Бұған дейін Филипп Қазақстанға үш рет келген, бірақ ол кезде әлі мұрагер ханзада мәртебесінде болатын. 2002 және 2009 жылдары ол бельгиялық астронавт Франк Де Винненің ұшуына байланысты Байқоңыр ғарыш айлағын аралаған. 2010 жылы Филипп Астанаға келген бельгиялық экономикалық және сауда делегациясын басқарды.

Сапар қорытындысы бойынша бірлескен мәлімдеме қабылданып, екіжақты құжаттарға қол қойылады деп күтілуде.