Түркияның SunExpress әуе компаниясы "Астана – Измир" бағыты бойынша рейстер ашуды жоспарлап отыр. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Бұл ақпаратты Қазақстанның көлік министрлігі таратты. 15 қыркүйекте Қазақстан көлік министрлігінің Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Түркияның SunExpress әуе компаниясының өкілдерімен кездесті.
Жаңа бағыт: Измир – Астана
Кездесу барысында SunExpress әуе компаниясының "Измир – Астана" жаңа бағыты бойынша тұрақты рейстерді іске қосуды жоспарлап отырғаны белгілі болды.
"SunExpress әуе компаниясы "Измир – Астана" жаңа бағыты бойынша тұрақты рейстерді іске қосуды жоспарлап отыр. Рейстер аптасына 2 рет – сәрсенбі және сенбі күндері Boeing 737 әуе кемелерімен орындалады", – дейді министрлікте.
Алматы – Измир бағытында рейс саны артады
Сонымен қатар 25 қазаннан бастап әуе компаниясы "Алматы – Измир" қолданыстағы бағыты бойынша рейстер санын аптасына 2-ден 3 рейске дейін арттырады.
Осылайша, SunExpress компаниясы Қазақстан мен Түркия арасындағы әуе қатынасын кеңейтуді жалғастыруда.
