Астана қаласының полиция департаменті жеке үйлердің бірінде рұқсат құжаттарынсыз жұмыс істеген жерасты ет өңдеу цехін анықтады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Полиция мәліметінше, дайын өнімдер астананың жеке дүкендері мен мейрамханаларына жеткізілген. Тексеру барысында құқық қорғау органдары шығу тегі мен сапасы белгісіз үш тоннадан астам етті тапты.

«Өнімдер санитарлық нормаларды өрескел бұза отырып өндіріліп, сақталғаны анықталды. Үй-жайда қажетті температуралық режим сақталмаған, ет антисанитарлық жағдайда болған. Өнімнің бір бөлігінде бұзылудың айқын белгілері байқалды: шірік иіс, шыбындардың көптігі және тұтынуға жарамсыздығын көрсететін басқа да белгілер», — деді Астана қалалық полиция департаментінің өкілдері.

Тексеру қорытындысы бойынша барлық табылған ет өнімдері жойылды. Полиция уақтылы араласудың арқасында қауіпті еттің сатылымға шықпағанын және астана тұрғындарының дастарханына түспегенін атап өтті.

Заңсыз өндіріс иелері жауапкершілікке тартылды.

Бұған дейін «Курсив» 2026 жылғы маусымдағы статистика бойынша Қазақстанда ет бағасы 28,6%-ға өскенін жазған болатын.

Алдыңғы күні ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Султанов Қазақстанның ішкі нарығындағы ет бағасына қатысты жағдайды түсіндіріп, бағаның өсуі жоспарланбағанын мәлімдеді.