Астанадағы Abu Dhabi Plaza сауда орталығында болған оқиға әлеуметтік желілерде талқылануда. Куәгерлердің айтуынша, жас жігіт сауда орталығында жүріп, бутік қызметкерлеріне пышақ көмегімен қауіп төндірген. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Treads әлеуметтік желісінде жарияланған жазбада автор сауда орталығы жабылар алдында жігіттің электронды темекі сататын дүңгіршекке келіп, стиктерді талап еткенін айтқан. Сатушы бас тартқан соң, ол пышағын алып, сатушыны қорқытып, бір пакетті алып қашып кеткен.

Кейін, автордың айтуынша, жігіт қоқыс шығарып жүрген әріптесін байқап, оның артынан ерген. Бір бутікте ол тағы да стиктерді талап етіп, пышақ көмегімен қорқытқан.

«Дайте мне стик, а то убью», — деп жігіттің сөзін келтірген автор.

Оның айтуынша, қауіпсіздік қызметін дереу шақыру мүмкін болмаған. Ақыр соңында сауда орталығының қызметкерлері күзетшілерді шақырған, олар жігітті қуа бастаған.

Полиция мәлімдемесі

Астана қалалық полиция департаментінде сауда орталығының бутіктеріне кірген пышақ ұстаған ер адам туралы хабарлама түскенін растады.

Құқық қорғау органдары оқиға орнында оның жеке басын анықтаған. Ол 19 жастағы жігіт болып шыққан. Ол мән-жайды анықтау үшін полиция басқармасына жеткізілген.

«Тексеру барысында жігіттің пышақты үйінен алғаны анықталды. Сонымен қатар, оның денсаулығында проблемалар бар. Оған жедел жәрдем шақырылып, кейін ол әкесіне тапсырылды», — деп хабарлады Астана қалалық полиция департаментінде.

Оқиға салдарынан зардап шеккендер туралы ақпарат түскен жоқ.

Бұған дейін «Курсив» Солтүстік Қазақстан облысында мас ер адамның пышақпен полицейге шабуыл жасағанын хабарлаған болатын.