Ұлы Отан соғысының ардагері Рзағұл Байкешев 103 жаста дүниеден өтті. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Бүгін елорданың соңғы майдангерін ақтық сапарға шығарып салды. Ардагермен қоштасуға қорғаныс министрлігінің өкілдері, Ақмола гарнизоны әскери бөлімдерінің командирлері, ардагерлер ұйымдарының өкілдері, мәслихат пен аудан басшысы келді.
Қорғаныс істері басқармасының бастығы подполковник Серік Қасенов майдангердің отбасына қорғаныс министрі атынан көңіл айтты.
Рзағұл Байкешев 1923 жылы 18 қазанда Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданында дүниеге келген. Кеңес әскері құрамында Ржев түбіндегі шайқастарға, Великолукск шабуыл операциясына, Польша мен Венгрияны азат етуге қатысып, Жеңісті Берлинде қарсы алды.
Байкешев ерлігі мен батылдығы үшін I және II дәрежелі Отан соғысы ордендерімен, сондай-ақ басқа да мемлекеттік наградалармен марапатталған.
Бүгінгі қоштасу рәсіміне Құрмет қарауыл ротасы мен әскери оркестр де қатысты. Ал салют командасы қарудан үш дүркін оқ атты.
