Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Астанадағы құрылыс нысандарында еңбек қауіпсіздігі талаптарының сақталуына бақылауды күшейтеді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Мұндай шешім мемлекеттік органдар мен құрылыс саласының өкілдері қатысқан кеңестің қорытындысы бойынша қабылданды. Елордада мұнаралы крандардың құлауына байланысты екі жазатайым оқиға орын алған болатын. Соның салдарынан екі адам қаза тауып, тағы екі адам ауыр жарақат алды.

Әрбір оқиға бойынша арнайы тергеу жүргізіліп жатыр. Вице-министр Ербол Тұяқбаев сала өкілдеріне еңбек қауіпсіздігі талаптарына формалды қарауға болмайтынын ескертіп, анықталған бұзушылықтарды жоюға уақыт берілгенін айтты.

««Біз құрылыс компанияларына профилактикалық жұмыстар жүргіздік, ескерту жасадық, анықталған бұзушылықтарды жоюға уақыт бердік. Соған қарамастан қауіпсіздік талаптарын елемегендер жауапкершіліктен жалтара алмайды», – деп мәлімдеді Ербол Тұяқбаев.»

Кеңес қорытындысы бойынша Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетіне заңнамада белгіленген тәртіппен құрылыс нысандарында жоспардан тыс тексерулер жүргізу мәселесін қарау тапсырылды. Талаптардың сақталмауы анықталған жағдайда материалдар тиісті мемлекеттік органдарға жолданып, заңда көзделген шаралар қабылданады.