Астанадағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигонында шыққан өртті сөндіру жұмыстары үш тәуліктен бері үздіксіз жүргізілуде. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Астана қаласының төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өрт Байқоңыр ауданындағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигонында 9 шілдеде басталған. Өртті сөндіру үшін екі жауынгерлік учаске құрылып, негізгі күштер мен құралдар жұмылдырылған.

«Өртті сөндірудің тиімділігін арттыру мақсатында негізгі күштер мен құралдар жұмылдырылған екі жауынгерлік учаске құрылды. Сонымен қатар өрт ошақтарын оқшаулау және жалынның одан әрі таралуына жол бермеу мақсатында полигон аумағын инертті материалмен жабу бойынша инженерлік жұмыстар жүргізілуде», - делінген хабарламада.

Қазіргі уақытта полигонға 14,85 мың тоннаға жуық инертті материал жеткізілген. Алайда жұмыстар қатты түтін мен жиналған қалдықтарға байланысты қиындап отыр. Бұл арнайы техниканың қозғалысын шектеп, ірі габаритті техниканың маневр жасауына кедергі келтіруде.

Өрттің ауданы мен себебі әзірге нақтыланбаған. ТЖД мамандары өртті толық сөндіру үшін тағы бірнеше күн қажет болуы мүмкін екенін айтады.