Астанадағы Байқоңыр ауданындағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигонындағы өртті сөндіру жұмыстары жалғасуда, деп хабарлады ҚР ТЖМ. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Өртті жою жұмыстары тәулік бойы жүргізілуде. Сөндіру тиімділігін арттыру үшін негізгі күштер мен құралдар шоғырланған екі учаске құрылды.
Сонымен қатар полигонда инженерлік жұмыстар жүргізілуде. Аумақ инертті материалмен толтырылып, жану ошақтарын оқшаулау және өрттің одан әрі таралуына жол бермеу мақсатында жұмыстар атқарылуда. Қазіргі уақытта полигонға шамамен 14,85 мың тонна инертті материал жеткізілді.
ТЖМ өрт сөндіру жұмыстары қатты түтіндену, сондай-ақ қалдықтардың тұрақсыз және борпылдақ күйіне байланысты қиындап отырғанын атап өтті. Осыған байланысты арнайы техниканың өтуі шектеліп, ірі габаритті көліктердің маневр жасауы қиындаған.
Суды үздіксіз жеткізуді өрт сөндіру автоцистерналары мен су тасығыштар қамтамасыз етеді. Су өрт гидрантынан жеткізіледі.
Өртті жоюға ТЖД және жергілікті атқарушы органдардың шамамен 120 адамы мен 150 бірлік техникасы жұмылдырылған.
Жағдай ТЖМ-нің тұрақты бақылауында. Өртті толық жою жұмыстары жалғасуда.
Байқоңыр ауданындағы қоқыс полигонындағы өрт 10 шілдеге қараған түні басталып, өрт туралы хабарлама сағат 00:10-да түсті. Сол кезде өрт сөндіруге шамамен 90 адам мен 40-тан астам техника жұмылдырылған, ал жану ошақтарына инертті материал жеткізу үшін ұяшықтың батыс жағынан шамамен 200 метр ұзындықтағы уақытша үйінді салынған.
