Әлеуметтік желілерде Астанадағы қонақүйлердің бірінде әйел бала туып, оны канализацияға тастап кеткені туралы ақпарат тарады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Полиция департаменті «Курсивке» бұл фактіні растап, 29 жастағы күдіктінің ұсталғанын хабарлады.

Әлеуметтік желілердегі мәліметтер бойынша, анасы жүктіліктің алтыншы айында мерзімінен бұрын босанған.

Полицияның хабарлауынша, нәрестенің канализациядан табылуына байланысты сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.

Сонымен қатар, қонақүй орналасқан тұрғын үй кешенінің тұрғындары мекеменің терезелерінен шыққан қорқынышты айқайларға жиі шағымданған. Олардың айтуынша, түн сайын патруль шақырады, бірақ куәгерлердің сөзіне қарағанда, тәртіп сақшылары жеткілікті шара қолданбайды.

Осыған байланысты Астана полиция департаменті 2026 жылдың басынан бастап осы қонақүйден «102» арнасына 19 хабарлама түскенін хабарлады.

«Тыныштықты бұзғаны үшін 13 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін – 3 адам», – деді полицейлер.

Сондай-ақ қонақүй иесіне қылмыстық құқық бұзушылықтарға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою туралы ұсыныс енгізілді.

«Бұл аумақ учаскелік полиция инспекторларының тұрақты бақылауында», – деп түйіндеді полиция.

Бұған дейін «Курсив» Ақтөбеде тірі нәрестенің қоқыс қабынан табылғанын жазған болатын.