Астанада өткен «САЯХАТ 2026» Kazakhstan Travel Forum-ы барысында Мәскеу қаласы Туризм комитеті төрағасының орынбасары Болат Нұрмұханов Мәскеудің туристік мүмкіндіктерін таныстырды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Қазақстан мен Ресейді ортақ тарих біріктіреді

Нұрмұханов Қазақстан мен Ресейді ортақ тарих пен халықтар арасындағы байланыс біріктіретінін атап өтті.

Мәскеуге келген қонақтар саны

Оның айтуынша, 2025 жылдың қорытындысы бойынша Ресей астанасына 26,5 миллион қонақ келген.

«Біз әртүрлі елдерден, соның ішінде Қазақстаннан келетін туристер ағынын қалпына келтіру жұмыстарын жалғастырып жатырмыз. Өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстаннан Мәскеуге шамамен 200 мың адам келді. Алайда қол жеткізген нәтижемен тоқтап қалғымыз келмейді. Өйткені Мәскеу – әлемдегі жетекші мегаполистердің бірі. Мұнда өмір қайнап жатыр, күн сайын жүздеген түрлі іс-шара өтеді», – деді Нұрмұханов.

Астана үшін Мәскеу тәжірибесі қызықты

Мәскеу – Қазақстаннан баратын туристер арасында бұрыннан сұранысқа ие бағыттардың бірі. Бұл туралы «Astana Tourism» компаниясының басқарма төрағасы Артем Квашук мәлімдеді.

«Ресейден келетін туристердің үлесі Астанаға келетін барлық шетелдік туристердің шамамен 40 пайызын құрайды. Біз үшін Мәскеудің қалалық туризмді дамыту және оны ілгерілету тәжірибесі өте қызықты. Біз де қонақтарға іскерлік, медициналық, мәдени, оқиғалық және гастрономиялық туризм бағыттарын ұсынамыз. Бұған дейін Астананы негізінен іскерлік сапарлармен байланыстыратын. Бүгінде Астанаға демалып, түрлі іс-шараларға қатысу үшін де туристер келеді», – деді Квашук.