28 маусымда таңғы сағат 05:35 шамасында Астанадағы ескі вокзал аумағында орналасқан «Етас» ЖШС қоғамдық тамақтану пунктінде төбе құлады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Оқиға орнынан түсірілген видео әлеуметтік желілерде тарады. Көзәушілердің айтуынша, құлау кезінде бөлмеде сегіз-тоғыз адам болған. Көпшілігі сыртқа шығып үлгерген, бірақ бір әйел зақымданып, жеңіл жарақат алған.
«ҚТЖ» ҰК» АҚ баспасөз қызметінің хабарлауынша, оқиға вокзал аумағындағы «Етас» ЖШС қоғамдық тамақтану пунктінде болған. «Астана вокзалының медициналық пунктіне қоғамдық тамақтану пунктінің екі келушісі жүгінді. Оларға алғашқы медициналық көмек көрсетілді. Жедел жәрдем шақырудан бас тартты. Оқиға бойынша вокзал бастығының кезекші көмекшісі тиісті акт жасады», — делінген компания хабарламасында.
ҚТЖ-да асхана үй-жайы ескі вокзал ғимаратының 2002 жылдан бері «Ертас» ЖШС-нің жеке меншігіндегі бөлігінде орналасқанын атап өтті. Жеке меншікке берілген нысанның ауданы 2371 шаршы метрді құрайды. Компания бұл нысан ҚТЖ технологиялық процесінде пайдаланылмайтындықтан, ұлттық тасымалдаушының оған билік етуге құқығы жоқ және оның күтіміне жауапты емес екенін мәлімдеді.
Бұған дейін «Курсив» Қазақстан өңірлерінде жаңғыртудан кейін вокзалдардың жаппай ашылып жатқаны туралы жазған. Осы демалыста жаңартылған нысандар Абай, ШҚО, СҚО және Қызылорда облыстарында іске қосылды. Алдында Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев Қазақстанда 1 шілдеге дейін 30 жаңғыртылған вокзал іске қосылатынын уәде еткен болатын.
Сонымен қатар, ҚТЖ тарифтерді көтеруге өтініш беріп, мұны көпмиллиардтық шығындармен, соның ішінде вокзалдарды жаңартумен түсіндірген. Компания үш вокзалды: Астана-1, Алматы-2 және Түркістанды олардың тарихи құндылығын ескере отырып жаңартуға уәде берген.
