Астанадағы автосалондардың бірінде сату жөніндегі менеджер екі көлік иесін алдап, олардың автокөліктерін үшінші тұлғаларға қайта ресімдеуге көндірген. Ол көліктерді сатуға уәде беріп, ақшаны өзіне қалдырған. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Прокуратура мәліметінше, зардап шеккендер Changan CS55 Plus және Toyota Camry көліктерін кейіннен сату үшін автосалонға тапсырған. Кейін менеджер сатып алушыларды тапқанын айтып, көлік иелерін автокөліктерді үшінші тұлғаға қайта ресімдеуге көндірген. Ол ақшаны бірнеше күннен кейін алатындарына уәде берген.

Қайта ресімдеуден кейін ер адам ақшаны өз қалауы бойынша жұмсаған. Көлік иелеріне келтірілген жалпы залал 23 млн теңгені құрады.

Сот отырысында айыпталушы кінәсін толық мойындап, өкініш білдірген.

«Сот ер адамды алаяқтық үшін кінәлі деп танып, оны 3 жыл 4 айға бас бостандығынан айырды. Сондай-ақ зардап шеккендердің материалдық залалды өтеу туралы азаматтық талаптары қанағаттандырылды. Үкім заңды күшіне енді», — деп атап өтті қадағалау органында.

Прокуратура мүлікке қарсы қылмыстар мүлікті тәркілеумен 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына әкеп соғуы мүмкін екенін еске салды.