Астана тұрғындары WhatsApp мессенджері арқылы адамдар мен полиция көліктерінің жиналғанын көрсететін бейнежазбаны бір-біріне жіберді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Бейнежазба авторларының айтуынша, ол Жұбанов көшесіндегі «Қазақстан» дүкенінің маңында, Кенесары мен Абай көшелерінің аралығында түсірілген. Куәгерлер атыс дыбыстары мен көмекке шақырған айқайларды естігендерін, сондай-ақ қаза тапқандар бар деп болжам жасаған.

Астана қалалық полиция департаменті «Курсивке» полицейлердің оқиға орнына шынымен барғанын, алайда жараланғандар мен қаза тапқандар туралы хабарламалардың шындыққа сәйкес келмейтінін мәлімдеді.

«Полицияға тұрғын үйлердің бірінің ауласында атыс болғаны туралы шақырту түсті. Оқиға орнына патрульдік полиция экипаждары жедел келді. Алдын ала анықталғандай, тұрғын үй ауласында алкогольдік масаң күйдегі, өзін агрессивті ұстаған жас адамдар тобы болған», — деді ДП-да.

Полицияның мәліметінше, үй тұрғындарының бірі құқыққа қарсы әрекеттердің алдын алу мақсатында газ тапаншасынан әуеге ескерту ретінде оқ атқан.

Жанжалға қатысқандардың барлығы оқиға орнында ұсталып, полицияға жеткізілді. Құқық бұзушыларға қатысты заңнамаға сәйкес шаралар қабылданады.

Бұған дейін «Курсив» Маңғыстау облысының Ақшұқыр ауылында болған атыс туралы жазған болатын, онда екі ер адам ауыр жарақат алған.