Астанада 2026-2027 жылдардағы жылу беру маусымы 2 қазанда басталады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Бұл ақпаратты елорда әкімдігінің ресми сайты жариялады. "Астана қаласы әкімдігінің қаулысына сәйкес, 2026 жылғы 2 қазаннан бастап 2026-2027 жылдардағы жылыту маусымы басталады", – деп хабарлады "Астана-Теплотранзит" АҚ.

Жылу кезең-кезеңімен беріледі

2 қазаннан бастап елордада жылу кезең-кезеңімен беріледі. Барлық нысанды жылуға алдағы бірнеше күн ішінде толық қосу жоспарланып отыр.

Кәсіпорын жылыту кезеңінде жұмыс істеуге, сондай-ақ елорда тұтынушыларына жылу энергиясын сенімді тасымалдау мен таратуды қамтамасыз етуге дайын.

Дайындық жұмыстары

Жылыту маусымына дайындық аясында қалада қажетті іс-шаралар кешені жүргізілді. Атап айтқанда, жылу желілері гидравликалық сынақтан өткізілді, жөндеу жұмыстары орындалды, анықталған ақаулар жойылып, жабдықтар дайындалды.

Осылайша, елорда 2026-2027 жылдардағы жылу беру маусымына толық дайындықтан өтті.