Астанадағы жеке клиникада медициналық қызметтер үшін жалған есептеулер анықталды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, жеке клиника басшысы МӘМС-тен қаржы алу мақсатында емханаға тіркелген азаматтар санын жасанды түрде көбейткен. Бұл схеманы жүзеге асыру үшін ол «Денсаулық сақтауды дамытудың ұлттық ғылыми орталығы» қызметкерін тартқан. «Ол қызметтік қолжетімділігін пайдаланып, жалған өтінімдерді заңсыз мақұлдап отырған», — делінген мәлімдемеде.
Нәтижесінде қолданыстағы ережелер бойынша мұндай тәсіл тек жекелеген санаттағы азаматтарға ғана қолданылатынына қарамастан, 15 мыңнан астам адам жазбаша өтініштер негізінде емханаға тіркелген. Тексеру барысында басқа өңірлердің тұрғындарын, заңды өкілдерінің құжаттарынсыз кәмелетке толмағандарды, сондай-ақ елден тыс жерге кеткен азаматтарды тіркеу фактілері анықталды.
Сондай-ақ клиника басшысы «Damu Med»-тегі медицина қызметкерлерінің есептік жазбасын бақылауға алған. Осылайша азаматтарға медициналық қызмет көрсетілгені туралы жалған мәлімет енгізіп, Қордан қаржы алған.
Сот үкімімен клиника басшысы 5 жылға, ал орталық қызметкері 3 жылға сотталды.
