Астанада жедел медициналық жәрдем станциясында бюджет қаражаты жымқырылған, деп хабарлайды қалалық прокуратура. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
2020-2023 жылдар аралығында жедел жәрдем станциясының бұрынғы директоры, бұрынғы көлік бөлімінің басшысы және бұрынғы бас механик әрі қойма меңгерушісі бюджет қаражатын жымқырған. Олар санитарлық автокөліктерді жөндеуге және техникалық қызмет көрсетуге бөлінген қаражатты ұрлаған.
Салдарынан жұмыс істеп тұрған автокөліктердің саны 149-дан 32-ге дейін азайған. Мемлекетке келтірілген жалпы залал 700 млн теңгеден асты. Оның ішінде 440 млн теңгеден астамы сот үкімімен өндірілді. Ал такси қызметтеріне жұмсалған 300 млн теңгені азаматтық сот арқылы өндіру керек.
Сот үкімімен барлық сотталушы Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігінің 2) тармағымен кінәлі деп танылып, 9 және 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Олардың әрқайсысы мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырылды.
