Астана қалалық жедел медициналық жәрдем станциясы автопаркін қаржылық лизинг есебінен жаңартуды жоспарлап отыр. Бұған 1 471 120 000 теңге бөлуге дайын, бұл мемлекеттік сатып алудың техникалық спецификациясынан туындайды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Құжатқа сәйкес, станцияға шұғыл медициналық көмек көрсетуге және реанимациялық іс-шараларды жүргізуге арналған жабдықтармен жарақтандырылған «С» классындағы жедел жәрдем көліктері қажет.

Басқа кластағы көліктерден айырмашылығы, мұндай автомобильдер қарқынды терапия көрсетуге, пациенттердің жағдайын мониторингілеуге және тасымалдау кезінде тікелей реанимациялық іс-шараларды жүргізуге арналған.

Техникалық спецификацияға сәйкес, жедел жәрдем станциясы медициналық қажеттіліктерге қайта жабдықталған JAC Sunray базасындағы 20 «С» классындағы көлікті алғысы келеді. Құжатта автомобильдерді жеткізуші ретінде «Hyundai Trans Auto» ЖШС көрсетілген.

Автомобильдер медициналық бригадалардың жұмысы үшін қажеттінің бәрімен жабдықталуы тиіс. Тізімде дефибрилляторлар, өкпені жасанды желдету аппараттары, пациент мониторлары, электрокардиографтар, оттегі жабдықтары, носилкалар және басқа да жабдықтар қарастырылған.

Сонымен қатар, автомобильдерде персоналға арналған орындары бар жеке медициналық салон, жабдықты сақтау жүйесі, қосымша жарықтандыру және климаттық қондырғы болуы тиіс. Техникалық спецификацияда медициналық аспаптардың электр қуатына, пациенттердің қауіпсіздігіне және қозғалыс кезінде жабдықтың тұрақтылығына қойылатын талаптар да жазылған.

Қаржылық лизинг мерзімі бес жылды, немесе 60 айды құрайды. Лизинг бойынша сыйақы мөлшерлемесі жылдық 12,6%-дан аспауы тиіс.

Төлемдер ай сайын жүзеге асырылады деп жоспарлануда. Негізгі борыш бойынша бірінші төлем 2027 жылғы 1 желтоқсанға белгіленген. Кейінгі төлемдер тиісті айдың әрбір бірінші күні жүргізіледі.

Бұл ретте техникалық спецификацияда автомобильдерді уақытша иелену және пайдалану лизинг алушыға кемінде 36 ай мерзімге берілетіні бөлек көрсетілген.

Автомобильдерді жеткізуге мемлекеттік сатып алу туралы шарт күшіне енген сәттен бастап 180 күнтізбелік күн беріледі. Автомобильдерді жеткізу орны — Астана.

Бұған дейін «Курсив» Алматыда 50 жаңа жедел жәрдем көлігін сатып алуға 3,3 млрд теңге жұмсау жоспарланғанын жазған болатын. Онда 38 В классындағы және 12 С классындағы көлік туралы айтылған.

Сондай-ақ, қазақстандықтар жедел медициналық жәрдем қызметтерін белсенді пайдаланатынын атап өтейік. Тек 2026 жылдың алғашқы жеті айында 5,2 млн-нан астам өтініш түскен. Бұл тәулігіне шамамен 25 мың өтініш.