Астанада 28 жастағы ер адам Түркияға виза рәсімдеу кезінде интернет-алаяқтық жасады деген күдікпен ұсталды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Курсив басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

ІІМ мәліметінше, жәбірленуші оған 600 мың теңге берген, алайда уәде етілген қызметті алмаған.

Ер адам әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы клиенттерді тапқан. Ол өзін сенімді делдал ретінде таныстырып, Түркияға виза рәсімдеуге көмектесуді ұсынған.

Күдікті клиенттердің бірін құжаттарды дайындау және виза рәсімдеу үшін алдын ала төлем жасауға көндірген. Ақшаны алған соң, ол әртүрлі сылтаулармен қызмет мерзімін кейінге шегеріп, кейін байланысқа шықпай қойған.

Жәбірленушіге келтірілген шығын 600 мың теңге деп бағаланды.

Ер адамның жеке басы Hi-Tech жедел-алдын алу іс-шарасы барысында анықталды. Ол ұсталды, қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.

«Виза рәсімдеу, жұмысқа орналасу немесе өзге де ақылы қызметтер үшін алдын ала төлем аударар алдында қызмет көрсетушінің заңдылығы мен сенімділігіне көз жеткізу қажет», — деп ескертті ІІМ.

Полиция күмәнді делдалдарға ақша аудармауға, ресми ұйымдар мен лицензияланған агенттіктерге жүгінуге кеңес береді.

Бұған дейін «Курсив» қазақстандықтардың АҚШ визасын алуда кездесетін қиындықтар туралы айтқан болатын. Туристік және іскерлік визалар бойынша бас тарту деңгейі 51,75% жетеді, Алматыда сұхбат күту орта есеппен 45 күн, ал Астанада 90 күнге дейін созылады. Консулдық алым $185 құрайды. Сонымен қатар, жалған анықтамалар, жалған броньдар немесе бұрынғы бас тартуларды жасыру арқылы виза алу мүмкіндігін арттыру әрекеті АҚШ-қа кіруге көп жылдық тыйым салуға әкелуі мүмкін.