Астанада аялдамалар, орындықтар, қоқыс жәшіктері мен мүсіндер вандалдардың қолынан жиі зардап шегуде. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Бұл мәселе жөнінде елорда әкімі Жеңіс Қасымбек әлеуметтік желілерде жазды. Оның айтуынша, Астанада бөтен және коммуналдық мүлікті бүлдіргені үшін 143 адам жауапкершілікке тартылған, олардың арасында кәмелетке толмағандар да бар.
Сонымен қатар, елордада қоғамдық орындарды ластауға байланысты 928 әкімшілік құқықбұзушылық тіркелген.
«Қалалық инфрақұрылымды бүлдіре отырып, құқықбұзушылар тек қалаға ғана зиян келтіріп қоймай, барлық тұрғындар мен елорда қонақтарына — соның ішінде осы көшелермен күн сайын жүретін өз туыстары мен жақындарына да қолайсыздық туғызады», — деп жазды Қасымбек.
Әкім полицияның күн сайын көшелерді патрульдеп, құқықбұзушыларды анықтап жатқанын хабарлады. Қалада бейнебақылау камераларының саны артып, есірткі жарнамасы бар граффитилер жойылуда.
«Заңға сәйкес қоғамға жат қылықтар қатаң жазаланады, тіпті қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Сондай-ақ кәмелетке толмаған құқықбұзушылардың ата-аналары да жауапкершілікке тартылады. Барлық тұрғындар мен елорда қонақтарын біз өмір сүретін, туыстарымыз бен жақындарымыз тұратын қаламызға ұқыпты қарауға шақырамын», — деді әкім.
Бұған дейін «Курсив» Астанадағы Журналистер аллеясында 18 жастағы жігіт пен жасөспірім вандализм жасады деп күдіктелгенін жазған. Ал Шымкентте вандалдар жаңа сквердегі шахмат беседкасын бүлдірген.
