Астанада ауқымды алаяқтық жасады деп айыпталған 7 адамнан тұратын ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру аяқталды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері 4 жыл бойы азаматтарды жеңілдетілген тұрғын үй бағдарламалары арқылы баспана алуға, сондай-ақ тиімді шарттармен несие және қаржыландыру рәсімдеуге көмектесеміз деген желеумен алдап келген.
«Қылмыстық әрекеттеріне заңды сипат беру мақсатында күдіктілер кеңсе үй-жайларын жалға алып, коммерциялық ұйымдар құрған, қызмет көрсету туралы шарттар жасасып, кепілдік хаттар рәсімдеген», — дейді прокуратура.
Олар азаматтардың сеніміне кіру үшін мемлекеттік және квазимемлекеттік құрылымдарда ықпалды байланыстары бар екеніне сендірген.
Қылмыстық әрекеттер салдарынан 51 азамат зардап шегіп, келтірілген жалпы материалдық залал 413 млн теңгеден асты.
Айыпталушылардың әрекеттері екі бап бойынша сараланды. Қылмыстық іс мәні бойынша қарау үшін сотқа жолданды.
