Астанада Astana Media Week 2026 аясында «Тұмар» және «Үркер» сыйлықтарының жеңімпаздары аталды. Биыл екі ұлттық сыйлық алғаш рет Qazaqstan Media Awards брендімен біріктірілді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Конкурсқа 12 номинация бойынша 600-ден астам журналист өтінім берді. Жеңімпаздарды тәуелсіз қазылар алқасы анықтады, оның құрамына журналистер, медиаиндустрия өкілдері және салалық сарапшылар кірді.
Негізгі номинациялардың жеңімпаздары
Үздік тележүргізуші атағын «Евразия» бірінші арнасының өкілі Вероника Вишневская иеленді. Үздік деректі жоба үшін 24KZ телеарнасының «4739» жұмысы марапатталды, ал үздік телевизиялық материал үшін Qazaqstan телеарнасының «Қарқынды құрылыс» материалы жеңімпаз атанды.
Үздік әлеуметтік жоба ретінде Jibek Joly телеарнасының «Правда в деталях» жобасы танылды, үздік телесериал — Астана TV телеарнасының «Ауыл бапкері». «Үздік ақпараттық-талдау бағдарламасы» номинациясында 7-ші арнаның «Новости» бағдарламасы жеңіске жетті.
«Жылдың үздік журналисі» сыйлығын Жанар Сердалина алды. Үздік радиожоба ретінде Қазақ радиосының «Ойтұма» бағдарламасы, ал үздік медиажоба ретінде Tengrinews, Tengri TV танылды.
Жыл материалы және талдау
Жыл материалы атағын «Ақтөбе» газетінде жарияланған Мирамгүл Рахатқызының «Жасанды интеллект: адамзат жаңа дәуірге аяқ басты» мақаласы иеленді. Үздік талдау материалы үшін «Казахстанская правда» басылымының өкілі Лаура Тусупбекова «Моя ДНК — наше богатство» атты жарияланымы үшін марапатталды.
Сыйлық аясында алғаш рет жасанды интеллект саласындағы үздік жоба анықталды. «Журналистика болашағы» атты жаңа номинацияда Altainews Media Centre «AI-ЖАН» жобасымен жеңімпаз атанды.
30 жылдыққа орай арнайы сыйлықтарды Президенттің телерадиокешені және «Информбюро» алды.
Министрдің сөзі
Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев салтанатты рәсімде кәсіби журналистика мен өз ісіне берілген мамандар технологиялар мен жасанды интеллект дамығанына қарамастан сұранысқа ие болатынын атап өтті.
«Медиасфераға қатысты мемлекеттік саясат бұдан әрі де өзгеріссіз қалатынына сенімдімін», — деді ол саланы қолдау туралы айта келе.
«Тұмар» және «Үркер» сыйлықтары 2017 жылы тағайындалған. Біріншісі отандық телевизияның жетістіктерін, екіншісі — баспа, радио және интернет-журналистикасының жетістіктерін атап өтеді.
