Астана қаласында ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Шекара әскерлері қолбасшылары кеңесінің 93-ші отырысы өтті. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

ҰҚК баспасөз қызметінің мәліметінше, отырыста ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің сыртқы шекараларын қорғаудың, ақпарат алмасуды автоматтандырудың, терроризм мен экстремизмге қарсы іс-қимыл саласындағы ынтымақтастық бағдарламасын іске асырудың, қылмыспен күресу жөніндегі бірлескен шаралардың өзекті мәселелері талқыланды.

«Кездесуге қатысушылар Достастық кеңістігінде шекара қауіпсіздігін нығайтуда ШӘҚК маңызды рөлін атап өтті», — деп жазылған хабарламада.

Халықаралық іс-шараның қорытындысы бойынша бірқатар құжатқа қол қойылды.

Іс-шараға Қазақстан, Әзірбайжан, Армения, Беларусь, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан шекаралық ведомстволарының, сондай-ақ ШӘҚК Үйлестіру қызметінің, ТМД Атқарушы комитетінің, Терроризмге қарсы орталықтың, ТМД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес жөніндегі үйлестіру бюросы және ШЫҰ Аймақтық терроризмге қарсы құрылымының басшылары мен сарапшылары қатысты.