Астанада «Сапа» құрылыс базары аумағындағы тандыр самса дайындайтын жерде жарылыс болды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Шара Жиенқұлова көшесінде орналасқан екі қабатты әкімшілік ғимаратта көлемі 50 литрлік композиттік газ баллонының герметикалығы бұзылуы салдарынан газ-ауа қоспасы жарылды. Оқиға ғимараттың бірінші қабатында орналасқан тандыр самса дайындайтын бөлмеде болған.
«Жарылыс салдарынан төбе жабындысының бір бөлігі мен есік ойығы опырылды», - дейді құтқарушылар. Қалалық денсаулық басқармасының мәліметінше 4 адам зардап шеккен. Олардың үшеуі ауруханаға жатқызылып, біреуі үйде ем алуға жіберілді. Қазіргі кезде жарылыстың мән-жайы мен себептері анықталып жатыр.
