Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Астанадағы медициналық нысандардың құрылыс барысымен танысты. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Биыл №2 қалалық көпбейінді аурухана жанындағы жаңа қабылдау-диагностикалық кешені мен №2 көпбейінді қалалық балалар ауруханасы жанындағы балалар травматологиялық пункті пайдалануға беріледі. Алдымен премьер-министрдің бірінші орынбасары перинаталдық орталықтың құрылысымен танысты.

Перинаталдық орталық

Нысан алдағы жылы ашылады, 250 төсектік жаңа заманауи перинаталдық орталықта жүкті және босанатын әйелдерге, жаңа туған нәрестелерге мамандандырылған көмек көрсету мүмкіндігі кеңейеді. Сонымен қатар қазір жұмыс істеп тұрған босану ұйымдарындағы жүктеме азаяды.

Жаңа ауруханалар мен емханалар

Сарыарқа ауданындағы 300 төсектік көпсалалы қалалық аурухананың құрылысын аяқтау және ашу жоспарлануда. Жаңа стационар іске қосылған соң, елордадағы төсек қоры ұлғайып, ересек тұрғындарға мамандандырылған медициналық көмек қолжетімді бола түседі.

Ал №2 қалалық көпбейінді аурухананың жанынан ашылатын жаңа қабылдау-диагностикалық кешенінде ересектердің қабылдау бөлімі, акушерлік қабылдау бөлімі, диагностикалық қызмет пен травматологиялық пункт орналасады. Бес қабатты нысан тәулігіне 700-900 адамды қабылдай алады.

Ең бастысы, бір кешеннің ішінде алғашқы тексерілуден бастап, диагноз қою, ота жасату, емді жалғастыруға дейінгі шұғыл көмектің барлық кезеңінен өтуге болады. Бұл мамандандырылған медициналық көмектің қолжетімділігі мен тиімділігін арттырады.

Мұнда компьютерлік томография, МРТ, рентгенодиагностика, ангиографиялық операциялық бөлме, операциялық залдар, инсульт орталығы, травматология бөлімшелері, реанимация және қарқынды терапия бөлімшелері қарастырылған.

Балалар травматологиялық пункті

«Биыл №2 көпбейінді қалалық балалар ауруханасында шұғыл травматологиялық көмек көрсетуге арналған жаңа қосымша ғимарат та ашылады. Онда реанимация залы, операция бөлімі, компьютерлік томография және рентгендиагностика кабинеттері жабдықталады», - деп жазылған хабарламада.

Жарақат алған балаларды заманауи құрылғылармен тексеру, емдеу мүмкіндігі артады. Бұл балаларды тиісті бөлімдерге бағыттау тәртібін оңтайландыруға және медициналық көмекті жедел көрсетуге жол ашады.

Былтыр Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының базасында Есіл және Нұра аудандарының тұрғындарына арналған балалар травматологиялық пункті ашылып, 10 мыңнан астам бала медициналық көмек алған.

Алғашқы медициналық-санитариялық көмек

Алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсету желісі де кеңейіп, Астананың өсіп келе жатқан аудандарында бір ауысымда 500 адам қабылдайтын үш жаңа емхана салынады. Бұл тұрғындардың тұрғылықты жерінде учаскелік дәрігерлерге, бейінді мамандарға қаралуына, диагностика мен профилактикалық тексерулерге баруына жағдай жасайды.