Елордада полиция қызметкерлері жеке тұрғын үйлердің бірінде заңсыз жұмыс істеген ет өнімдерін өңдеу цехын анықтады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Тексеру кезінде цехтың ешқандай рұқсат құжаттары болмағаны анықталды. Дайын өнімдер қаланың жеке дүкендері мен дәмханаларына жеткізіліп отырған.

Шығу тегі мен сапасы белгісіз үш тоннадан астам ет өнімі анықталды. Цехта температуралық режимдер сақталмаған, ет антисанитариялық жағдайда сақталған. Еттің бір бөлігінде өткір жағымсыз иіс шыққан, шыбындар қаптаған және тағам ретінде пайдалануға жарамсыз екенін көрсететін өзге де белгілер анықталған.

Барлық өнім жойылды. Заңсыз цех иелері қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапқа тартылды.