Астанада 25 жастағы шетелдік әйел Триумфальды аркада түсірілген әдепсіз видео үшін 20 АЕК мөлшерінде айыппұл төлейді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Астана полиция департаментінің мәліметінше, қыз TikTok-та Mia Boyka-ның «Экспонат» әніне пародия жасап, 18+ лексикасын қолданған видеоны жариялаған. Бұл видео Мәңгілік Ел даңғылындағы Триумфальды аркада түсірілген.

Құқық қорғау органдары жарияланымның авторын анықтады. Ол блогер Ангелина Ванина болып шықты.

«Қызға қатысты ұсақ бұзақылық фактісі бойынша материалдар жинақталды. Сот шешімімен оған 20 АЕК мөлшерінде айыппұл түріндегі әкімшілік жаза тағайындалды», — деп хабарлады полицияда.

Полиция қоғамдық тәртіпті бұзу және қорлайтын контент жариялау Қазақстан заңнамасына сәйкес жауапкершілікке әкелуі мүмкін екенін еске салды.

Алдыңғы күні Алматыда екі блогер әлеуметтік желілерде әдепсіз видеолар үшін қамауға алынған болатын.