Астанада салынып жатқан төрт қабатты ғимараттың шатырында өрт шықты, деп хабарлады Төтенше жағдайлар министрлігі. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Өрт Есіл ауданындағы Е-871 көшесінде орын алды. Алғашқы өрт сөндіру бөлімшелері келген кезде шатырдың ашық жануы және қою қара түтін байқалды.
Өртті сөндіру үшін құтқарушылар автокөтергіштің көмегімен өрт сөндіру оқпандарын берді. Ашық жануды басуға қол жеткізгеннен кейін, ТЖМ қызметкерлері жасырын ошақтарды болдырмау үшін құрылымдарды суландыру және бөлшектеу жұмыстарын жүргізді.
Өрт сағат 17:55-те оқшауланып, 18:06-да 150 шаршы метр аумақта толығымен жойылды. Зардап шеккендер жоқ.
Бұған дейін «Курсив» Шымкенттің Тұран ауданында автокөлік жөндеу бокстары кешенінде өрт болғанын хабарлаған болатын. От сегіз бокстың төртеуін 119 шаршы метр аумақта шарпыды.
