Астанада қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтың алдын алу үшін төрт робот-ит қолданысқа енгізілді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Бұл ақпаратты елорда әкімдігінің ресми сайты жариялады. Қазіргі уақытта робот-иттер адам көп шоғырланатын сауда орталықтары мен қоғамдық орындарда жұмыс істеп, полиция қызметкерлеріне қоғамдық кеңістіктердегі жағдайды бақылауға көмектесіп жүр.

Жасанды интеллект негізіндегі бақылау

Хабарламаға сәйкес, робот-иттер жасанды интеллект технологияларымен жабдықталған бейнекамералар арқылы айналадағы жағдайды бақылап, бейнеақпаратты нақты уақыт режимінде тікелей Жедел басқару орталығына жеткізеді.

"Бұл полиция қызметкерлеріне қоғамдық орындардағы ахуалды жедел бағалап, қажетті жағдайда тиісті шараларды уақытылы қабылдауға мүмкіндік береді", - деп жазылған хабарламада.

Іздеудегі адамдарды анықтау

Технологияның маңызды мүмкіндіктерінің бірі – іздеуде жүрген адамдарды анықтауға көмектесу. Робот-иттерге интеграцияланған жасанды интеллект жүйесі бет-әлпетті сәйкестендіреді.

Сәйкестік анықталған жағдайда Жедел басқару орталығына автоматты түрде дабыл хабарламасы жіберіледі. Бұл технология полицияның жедел әрекет ету мүмкіндігін арттырып, іздеудегі адамдарды анықтау жұмысына қосымша қолдау көрсетеді.