Астанадағы Успен соборының мәдениет орталығында «Ресей жүрегімде» фестивалі өтті. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Фестивальдің басты ерекшелігі – Астана мен Павлодардағы ұлттық мәдениет орталықтарының өнер ұжымдары қатысқан мерекелік концерт болды. Іс-шараға Ресейдің Қазақстандағы елшілігінің өкілдері де қатысты.
Астанадағы «Русский дом» директоры Ирек Зиннуров: «Екі ел арасындағы шекара – әлемдегі ең ұзын шекаралардың бірі. Сондықтан Қазақстанда Ресей күндері, ал Ресейде Қазақстан күндері тұрақты түрде өткізіліп келеді. Алдағы уақытта аталып өтетін Ресей күні қарсаңында осы концерт ұйымдастырылып отыр», – деді.
Ресей елшілігінің бірінші хатшысы София Гальчина: «Ресей мен Қазақстанды ғасырлар бойы қалыптасқан берік достық байланыстар, өзара түсіністік, ортақ тарих және мәдени жақындық біріктіреді», – деп атап өтті.
Фестиваль бағдарламасына сәндік-қолданбалы өнер көрмесі, шығармашылық байқаулар, сондай-ақ балалар мен ересектерге арналған шеберлік сабақтары кірді.
