Астананың Нұра ауданында салынып жатқан тұрғын үй кешенінің қаңылтыр қоршауы қыз баланың үстіне құлады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Сол жерде балаға медициналық көмек көрсетілді. Ал құрылыс учаскесінің бастығы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Нұра ауданының әкімдігі ұсынған ақпаратқа сәйкес, бұл оқиға "Ою" тұрғын үй кешенінің құрылыс аумағында болған. Қаңылтыр қоршау қатты желдің салдарынан құлаған. Құрылысшылар оны өткен жылдың күзінде орнатқан.

"Орнату барысында "Фемида" тұрғын үй кешенінің кабельдік желілерінің орналасуын ескере отырып, тұрғындардың ұсынысы бойынша қоршаулар басқа учаскеге ауыстырылған. "Нұра" ауданы әкімінің аппараты құрылыс салушыға қауіпсіздік талаптарын сақтау мақсатында қоршауларды нығайту қажеттігін түсіндірді", - делінген ресми хабарламада.

Сонымен қатар, құрылыс компаниясы 20 қыркүйекке дейін аталған учаскеде фреза материалын төсеуге міндетті.