Астана әкімі Жеңіс Қасымбек жеңіл рельсті көлік (LRT) жүйесінің екінші кезеңі туралы айтты, деп хабарлайды қалалық әкімдік. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
«Tarlan Astana» жеңіл рельсті көлік жүйесі іске қосылғалы бері жолаушылар тасымалының көлемі 11,5 миллионға жуықтады.
«Елорданың көлік инфрақұрылымын ары қарай дамытуға бағытталған жобаның екінші кезеңін іске асыру жұмысын қатар жүргізіп жатырмыз», — дейді Жеңіс Қасымбек.
Құрылыс жұмысы бірнеше бағыт бойынша жүріп жатыр.
Қосшы қаласына бағыт
Қосшы қаласына бағыт бойынша тіректерді, эстакадалық құрылымдар мен станцияларды салу бойынша құрылыс-монтаж жұмысы жүріп жатыр. Қазіргі уақытта 294 тірек (97%) орнатылып, 385 эстакадалық құрылым (73%) монтаждалды. Жыл соңына дейін №401, 402 және 403 станцияларда бетондау жұмысын аяқтау жоспарланып отыр. Бұл бағытта барлығы үш станция салу көзделген.
Жағалау шағынауданына бағыт
Жағалау шағынауданына бағыт бойынша жоба аясында сегіз станция салу көзделген. «Қазіргі уақытта қоршаулар орнату, сондай-ақ құрылыс-монтаж жұмысын бастау үшін инженерлік желілерді көшіру және қайта орнату жұмысы жүріп жатыр», — дейді әкім.
«Астана-1» теміржол вокзалына қарай бағыт
«Астана-1» теміржол вокзалына қарай бағытта №201 ауысып міну станциясын есепке алғанда, тоғыз станция салу көзделген. Сығанақ даңғылының бойында (Қабанбай батыр мен Тұран даңғылдарының арасындағы учаскеде) №201/301 станцияларының ауысып міну торабын салу жұмысы жүріп жатыр. Қазақ радиосы көшесі мен Қабанбай батыр даңғылының арасындағы учаскеде екі тірекке бетон құю жұмысы аяқталды. Сондай-ақ қадалар мен арқалықтарды орнату жұмысы жүріп жатыр. Өзге учаскелерде алдағы құрылыс-монтаж жұмысына дайындық жүргізілуде.
