Астанада кондиционер орнату кезінде жұмысшы 15-қабаттан құлап кетіп, қауіпті жағдайда қалды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, оқиға Есіл ауданындағы Сауран көшесіндегі тұрғын үй кешенінде болған. 15-қабатта кондиционер орнату кезінде жұмысшы құлап кетіп, кондиционердің кронштейнінен ұстап тұрып қалған.
Оқиға орнына жеткен ТЖМ қызметкерлері автосатының көмегімен 1990 жылы туған ер адамды қауіпсіз жерге түсірді. Құтқарушылар ер адамды 50 метрге жуық биіктіктен құтқарды.
ТЖМ биікте жұмыс істеу кезінде қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтап, жеке қорғаныс құралдарын пайдалану қажет екенін ескертті.
