Астанада 29 жастағы ер адам көлік ішінен сигналдық тапаншамен екі рет ауаға оқ атып, 10 тәулікке қамаққа алынды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Полиция департаментінің мәліметінше, құқық бұзушы оқиғадан кейін көп ұзамай ұсталған. Тексеру барысында оның оқ ату кезінде алкогольдік масаң күйде болғаны анықталған.

«Полицейлер 29 жастағы ер адамды ұстады, ол көлік салонында отырып, сигналдық тапаншадан ауаға екі рет оқ атқан. Құқық бұзушылық жасау кезінде ер адамның мас күйінде болғаны анықталды», — деп хабарлады полицияда.

Бұл оқиға Instagram-дағы Астана қаласының Полиция департаментінің ресми парақшасында жарияланған.

Ер адам қоғамдық орында мас күйінде жүргені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ, қаруды заңсыз сақтау және алып жүру материалдары сотқа жіберілді.

Сонымен қатар, сот қаулысымен ол ұсақ бұзақылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 10 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды.

Полиция қоғамдық тәртіпті бұзатын және азаматтардың қауіпсіздігіне қауіп төндіретін кез келген әрекет Қазақстан заңнамасына сәйкес жауапкершілікке әкеп соғатынын еске салды.

Бұған дейін «Курсив» Ақмола облысында құтқарушылардың Батпаккөл көлінде демалып жүріп, мас күйінде адасып қалған ер адамды қамыс арасынан алып шыққанын жазған. Оны жедел жәрдем бригадасына тапсырған.