Астанада Astana Hub сұранысқа ие IT мамандықтарын меңгеруге арналған бағдарламасына өтінім қабылдау басталды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Бағдарлама аясында 18 бен 45 жас аралығындағы азаматтар IT-мектептерде оқуға арналған ваучер алып, сұранысқа ие цифрлық мамандықтардың бірін меңгере алады. Ресми хабарламада айтылғандай, қатысушылар офлайн форматтағы оқу үшін 500 000 теңгеге дейін, ал онлайн немесе гибридті форматтағы оқу үшін 400 000 теңгеге дейін номиналды ваучер ала алады.
Негізгі бағыттар
Бағдарлама аясында мынадай бағыттар қарастырылған:
- 01жасанды интеллект;
- 02киберқауіпсіздік;
- 03бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеу;
- 04деректерді талдау;
- 05Cloud & DevOps;
- 06GameDev;
- 07өнім менеджменті;
- 08UI/UX-дизайн.
Өтінім қабылдау 7 қыркүйекке дейін жалғасады. Қатысу шарттары, аккредиттелген мектептердің тізімі және тіркелу туралы толық ақпарат Astana Hub платформасында қолжетімді. Қосымша ақпаратты таңдаған IT-мектептен немесе 1818 нөмірі арқылы алуға болады.
Tech Orda бағдарламасының нәтижелері
Айта кетері, Tech Orda бағдарламасы аясында осымен бесінші - мерейтойлық маусымына өтінім қабылданады. 2021 жылдан бері 12,5 мыңнан астам қазақстандық білім алды. Мониторинг нәтижелері бойынша экономикалық белсенді түлектердің 90%-ы жұмысқа орналасқан, ал олардың орташа жалақысы 725 мың теңгені құрайды, бұл елдегі орташа айлық жалақыдан шамамен 43%-ға жоғары.
Сондай-ақ 3,2 мыңнан астам адам Tech Orda бағдарламасының арқасында мамандығын өзгертіп, IT саласында мансабын бастады. Бағдарлама түлектерін 1 287 компания жұмысқа қабылдады. Олардың қатарында Kaspi.kz, Halyk Bank, Freedom Finance, Kolesa Group, Kcell, EPAM Kazakhstan, Yandex, Wolt, 2GIS, Deloitte, KPMG, EY және Accenture сияқты жетекші компаниялар бар.
