Астанада 32 жастағы ер адам тендерлік жобаларға инвестиция салу атын жамылып, 11 адамды алдаған. Шығын 35 млн теңгеден асады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Polisia.kz басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Тергеу деректері бойынша, күдікті TikTok және Threads әлеуметтік желілерінде жоғары табысты инвестициялар туралы хабарландырулар орналастырған. Қызығушылық танытқан пайдаланушыларды бейнеқоңыраулар арқылы ақша салуға көндіріп, ресми ынтымақтастық пен тез пайда уәде еткен.

Өз ниетін растау үшін күдікті клиенттермен нотариалды куәландырылған келісімшарттар жасасқан. Ірі сомаларды алғаннан кейін, тергеу мәліметінше, ол міндеттемелерін орындамай, ақшаны өз қалауынша жұмсаған.

Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Полиция сотқа дейінгі тергеу жүргізіп, оның басқа да осыған ұқсас эпизодтарға қатысын тексеріп жатыр.

Ведомство азаматтарды инвестициялық жобалар туралы ақпаратты тексеруге, кепілдік берілген жоғары табыс уәделеріне сенбеуге және бейтаныс адамдарға ақша аудармауға шақырды.

Бұған дейін «Курсив» мошенниктердің жалған инвестициялық платформаларды пайдаланып, алдымен шағын соманы шығаруға рұқсат беретінін жазған болатын. Осыдан кейін құрбанды салымды ұлғайтуға көндіріп, үлкен соманы алуға тырысқанда салық, комиссия немесе сақтандыру төлеуді талап етеді. Ұлттық банк қызметкерлері азаматтарға инвестициялық өнімдерді ұсынбайтынын және халықпен есеп айырысу жүргізбейтінін еске салды.