Астанада құтқарушылар Есіл өзенінен ағыспен кетіп бара жатқан ер адамды судан шығарды. Оқиға Орталық саябақ ауданында болды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Суға кетіп бара жатқан адам туралы хабарлама 112 пультіне куәгерден түскен. Оның айтуынша, ер адам су бетінде мезгіл-мезгіл пайда болып, қайтадан су астына кетіп отырған.
Оқиға орнына дереу жылдам катердегі құтқарушылар жіберілді.
«Шақыруды алғаннан кейін бір минут ішінде құтқарушылар оқиға орнына жетіп, судағы ер адамды тауып, оған құтқару шеңберін лақтырып, катерге көтерді», — деп хабарлады ТЖМ.
Ведомствоның мәліметінше, құтқарылған ер адам масаң күйде болған. Төтенше қызмет қызметкерлері келген кезде ол қатты әлсіреген.
ТЖМ қазақстандықтарға су айдындарында қауіпсіздік ережелерін сақтау және масаң күйде суға түспеу қажеттігін еске салды.
