Жаз мезгілінде қалалық қызметтер мен экологтар Есіл өзені мен оның жағалауын тазарту бойынша кешенді жұмыстар жүргізуде. Оған балдырлар мен қоқысты тазарту, сондай-ақ заманауи биологиялық тазарту әдістерін қолдану кіреді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Мамандардың мәліметінше, биыл Есіл өзенінің жекелеген учаскелерінде балдырдың көбеюі көпжылдық көрсеткіштен асып түскен. Бұған ауа температурасының қалыптан тыс жоғары болуы мен су деңгейінің төмендеуі негізгі себеп болып отыр. Бұдан бөлек, азот пен фосфор қосылыстары сияқты биогендік заттар, сондай-ақ органикалық ластағыштар қосымша салмақ түсіреді.

Сарапшылардың айтуынша, Есіл өзені мен оның Сарыбұлақ және Ақбұлақ жылғаларына рұқсатсыз ағынды сулардың төгілу ықтималдығын да толық жоққа шығаруға болмайды. Бұл факторлардың барлығы балдырдың қарқынды көбеюіне ықпал етеді.

Өзен акваториясында күн сайын санитарлық тазалау жұмысы жүргізіледі. Қамыс шабатын техникалар, су өсімдіктерін жинауға арналған арнайы понтондар мен жүзу құралдары балдырлар көп жиналған учаскелерді тазарту үшін пайдаланылады.

Су айналымы баяу, тұрып қалған учаскелерде жасыл микробалдыр – хлорелла суспензиясын қолдану жоспарланып отыр. Бұл әдіс химиялық заттарды қолдануға экологиялық тұрғыдан қауіпсіз балама ретінде қарастырылады. Хлорелла азот пен фосфор қосылыстарын – көк-жасыл балдырлардың көбеюіне ықпал ететін қоректік заттарды белсенді түрде сіңіреді. Соның нәтижесінде олардың өсуін тежеп, су айдынындағы табиғи биологиялық тепе-теңдіктің қалпына келуіне ықпал етеді.