Астана қаласының полиция департаменті жақын арада электрсамокаттарға қатысты жаңа шектеулер күшіне енетінін ескертті. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Полицейлер бүгін жаңа талаптарды түсіндіруге арналған профилактикалық акция өткізді. Оның аясында тәртіп сақшылары волонтерлермен бірге электрсамокат мінген азаматтарға заң талаптарын түсіндіріп, 25 тамыздан бастап күшіне енетін жаңа шектеулер туралы айтты.
Жаңа ережелер
Екі аптадан кейін электрсамокатпен тротуарлар мен жаяу жүргіншілер жолдарымен жүруге тыйым салынады. Самокат мінгендер велосипед жолдары мен веложолақтармен жүруге тиіс. Ондай жолдар болмаған жағдайда көлік жүретін жолдың оң жақ шетімен немесе жол жиегімен жүруге болады.
Электрсамокатпен жолға шыққан адам бұған дейін күшіне енген талаптарды сақтауға міндетті:
- 0118 жаста болу;
- 02кез келген санаттағы жүргізуші куәлігінің болуы;
- 03қорғаныс шлемін пайдалану;
- 04қараңғы уақытта жарық шағылыстыратын элементтерді қолдану.
Кикшеринг компаниялары енгізген шектеулер
Бүгінде электрсамокаттарды жалға беретін компаниялар да заң талаптарын орындауға кірісті. JET компаниясының елордалық филиалының директоры Әлібек Әбілқасовтың айтуынша, 1 шілдеден бастап қосымшаға тіркелу кезінде ЖСН арқылы міндетті верификация жүргізіледі. Жүйе пайдаланушының жасын тексереді және 18 жасқа толмаған адамдарға сервисті пайдалануға мүмкіндік бермейді.
"Біз ата-аналардың өз аккаунттарын балаларына берген жағдайларын анықтадық. Сондай-ақ бір самокатта бір адам ғана жүруі керек екенін есте ұстаған жөн. Екі адам болып жүрген пайдаланушылардың аккаунттары да бұғатталады", – деді Әбілқасов.
Сонымен қатар самокаттардың үш жеріне – жақтауына және артқы қанатына сәйкестендіру нөмірлері жазыла бастады. Бұл көлік құралын камералар арқылы анықтауға және құқық бұзушыларға қатысты шара қолдануға мүмкіндік береді.
Электрсамокаттарды тротуардың ортасына, жүріс бөлігіне, веложолға немесе автокөліктерге арналған тұрақ орындарына қалдыруға болмайды. Бұл талаптарды бұзған пайдаланушылардың аккаунттары да бұғатталуы мүмкін.
