Астанада электросамокат қолданушыларға бақылау күшейді, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты қала полиция департаментіне сілтеме жасап. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Әкімдік мәліметінше, жаз маусымының басталуымен елорда көшелерінде электросамокат пайдаланушылар саны айтарлықтай артты. "Алайда көптеген азамат жол қозғалысы ережелерінің талаптарын елемей, өздеріне және айналасындағыларға қауіп төндіріп отыр. Жыл басынан бері тәртіп сақшылары электросамокат пайдаланушылар тарапынан жасалған жол ережесін бұзудың 1200-ден астам дерегін анықтады", - деп жазылған хабарламада.
Мәселен, бір жағдайда екі кәмелетке толмаған жасөспірім көлік көп жолда бір электросамокатпен жүріп, жол қозғалысы ережелерін бірнеше рет бұзған. Осы дерек бойынша 16 жасқа толған жасөспірімге қатысты әкімшілік хаттама толтырылды. Сондай-ақ кәмелетке толмағандардың заңды өкілдері оларды тәрбиелеу және күтіп-бағу міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін жауапкершілікке тартылды.
Полиция еске салады: бір самокатқа екі адам мінгесуге, қозғалыс кезінде телефон мен құлаққап қолдануға, жылдамдықты асыруға және қауіпті маневрлер жасауға тыйым салынады. Жаяу жүргіншілер өткелі арқылы өткен кезде самокаттан түсіп, оны жаяу алып өтуі тиіс.
Сонымен қатар жалға берілетін самокаттарды пайдаланушылар оларды жиі рұқсат етілмеген орындарға қалдырып кетеді. Тротуарларда, аялдамаларда және жаяу жүргіншілер өткелдерінде тасталған мұндай көлік құралдары азаматтарға кедергі келтіреді. Мұндай самокаттар эвакуацияланып, коммуналдық айып тұрағына жеткізіледі.
