Астанада 21 және 37 жастағы екі шетелдік азамат есірткіні сақтау және таратуға күдікті ретінде ұсталды. Олардан бір килограмнан астам есірткі заттары тәркіленді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Полицияның мәліметінше, күдіктілер жүрген Changan маркалы автокөлігін тексеру кезінде тәртіп сақшылары салоннан чемодан тапқан.

«Оның ішінде есірткі заты салынған үш пакет, сондай-ақ есірткі болып табылатын сұйық консистенциялы затпен қапталған капсулалар болды», — делінген хабарламада.

Сонымен қатар, ұсталғандардың бірінің сөмкесінен де осыған ұқсас заттар табылған. Тәркіленген заттардың жалпы салмағы бір килограмнан асқан. Полиция қандай нақты есірткі табылғанын нақтылаған жоқ.

Жедел іс-шараларды полиция қызметкерлері Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетімен бірлесіп, қала прокуратурасының үйлестіруімен жүргізген.

Осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Екі күдікті де уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Бұл туралы Астана қаласының Полиция департаментінің Instagram парақшасындағы жарияланымда хабарланған.