Астанада Чехияда жұмысқа орналастыру деп 100-ден астам адамды алдаған күдікті ұсталды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Есіл ауданының криминалдық полициясының қызметкерлері күдіктіні ұстады. Тергеу нұсқасы бойынша, ол әлеуметтік желілерде Чехиядағы жоғары жалақылы жұмыс туралы хабарландырулар орналастырған.
Оған жүгінген адамдарға ол жұмыс табуға, виза рәсімдеуге, құжаттарды дайындауға және жұмыс берушімен келіссөздер жүргізуге көмектесуге уәде берген. Алайда алдын ала төлемді алғаннан кейін міндеттемелерін орындамаған.
«Қазіргі уақытта күдіктінің осыған ұқсас тәсілмен 100-ден астам азаматты алдауға қатысы бар екені анықталды», — деп хабарлады полицияда.
Тергеушілер басқа да ықтимал жәбірленушілерді анықтап, жалпы шығын көлемін нақтылауда. Сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде, күдікті қамауға алынды.
Полиция азаматтарды шетелде жұмысқа орналастыруды ұсынатын ұйымдардың қызметінің заңдылығын тексеруге және қызметтер нақты көрсетілгенге дейін ақша аудармауға шақырды.
