«Қазгидромет» синоптиктері Қазақстанның ірі қалаларында алдағы үш күнге арналған ауа райы болжамын жариялады. Астанада ауа райы құбылмалы болып, қар мен бұрқасын күтілсе, оңтүстік қалаларда күн біртіндеп жылынады, деп хабарлайды Qazaqyia.KZ ақпарат агенттігі.
Астанада 13 наурызда қар аралас жаңбыр жауып, көктайғақ болады. Таңертең тұман түседі. Оңтүстік-батыстан соғатын желдің екпіні секундына 15-20 метрге жетуі мүмкін. Ауа температурасы түнде -3…-5°С, күндіз -1…+1°С шамасында болады. Келесі екі күнде де аздап қар жауып, бұрқасындатады, тұман мен көктайғақ сақталады. 14-15 наурызда түнде -2…-4°С, күндіз 0…+2°С болады.
Алматыда 13 наурызда жауын-шашын болмайды, бірақ жолдарда көктайғақ болуы ықтимал. Түнде сынап бағанасы -7…-9°С дейін төмендесе, күндіз 0…-2°С көрсетеді. 14-15 наурызда күн ашық болады, ауа температурасы біртіндеп көтеріледі. 15 наурызда күндіз +5…+7°С дейін жылынады.
Шымкентте алдағы үш күнде күн ашық болады деп күтілуде. 13 наурызда түнде -7…-9°С аяз болғанымен, күндіз ауа +6…+8°С дейін жылиды. 14-15 наурызда одан әрі жылынып, 15-і күні күндізгі температура +12…+14°С жетуі мүмкін.
