Астанада жаңа буынның ең ірі халықаралық спорттық жарыстарының бірі – Games of the Future 2026 - «Болашақ ойындары» жалғасып жатыр. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Турнир ашылған 29 шілдеден бері ауқымды додаға 8 мыңнан астам адам келді, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты. Сайыстар елорданың бірнеше ірі спорт нысанында өтіп жатыр. Қатысушылар фиджитал футбол, баскетбол, хоккей, жекпе-жек, бокс, би дисциплиналары, шутерлер, Battle Royale, MOBA, дрон жарысы, Battle Bots және өзге де жаңа форматтағы спорт түрлері бойынша бақ сынауда.
Турнирдің алғашқы бес күнінде, яғни 29 шілде мен 2 тамыз аралығында 8 мыңнан астам көрермен тамашалады. «Games of the Future 2026 турнирінің Қазақстанда өтуі – осы жылдың ең маңызды халықаралық спорттық оқиғаларының бірі. Бұл дода елорданың спорттық инфрақұрылымын көрсетіп қана қоймай, Қазақстанның әлемдік деңгейдегі ірі жарыстарды қабылдайтын ел ретіндегі беделін нығайтуға ықпал етеді», - дейді әкімдік.
Көрермендер турнирдің жеке күндеріне немесе бірнеше жарыс күніне арналған билеттерді сатып ала алады. «Болашақ ойындарының» ерекшелігі – спортшылар алдымен виртуалды кеңістікте шеберліктерін көрсетіп, кейін тартысты нақты спорт алаңында жалғастырады.
Турнир Астанада 9 тамызға дейін жалғасады.
