Астанадағы балалар ауруханасында ем алған бір жасар бала туберкулез жұқтырған. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Баланың әкесінің айтуынша, сәби Астанадағы №1 көпбейінді балалар ауруханасында емделіп жатқан кезде мейіргерден туберкулездің ашық түрін жұқтырған. Бала сәуір айында екіжақты ауыр пневмония диагнозымен ауруханада бір апта ем алып, кейін үйіне шығарылған.
Алайда арада біраз уақыт өткен соң осы аурухананың бір мейіргерінен туберкулездің ашық түрі анықталған. Осыған байланысты ауруханада емделген балалар қайта тексеруден өткізілген. Тексеру барысында баланың өкпесінен дақ анықталып, ол екі апта бойы ем қабылдаған. Кейінгі медициналық тексеру нәтижесінде бүлдіршінге туберкулез диагнозы қойылған. Енді ол анасымен бірге арнайы диспансерде ем қабылдайды.
Баланың ата-анасы заңгерлердің көмегіне жүгінбек. Ал Астана қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы бұл факті бойынша тексеру басталғанын хабарлады. Басқарма хабарламасында: "Астана қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы баланың туберкулезге шалдығу фактісі бойынша мән-жайды анықтау үшін арнайы комиссия құрылғанын хабарлайды. Комиссия құрамына Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының штаттан тыс бас мамандары – педиатр, фтизиатр, пульмонолог, сондай-ақ сәулелік және функционалдық диагностика саласының маманы енгізілді", – делінген. Сондай-ақ комиссия жұмысына Фтизиопульмонология ұлттық ғылыми орталығының және Астана қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандары тартылған. Қазіргі уақытта тиісті тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
