Астанадағы футбол алаңында болған оқиғаға қатысты Қазақстан футбол федерациясы (ҚФФ) түсініктеме берді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Әлеуметтік желіде 2017 жылы туған баланың басына темір қақпаның құлағаны туралы ақпарат тараған. Ойын алаңы Қазақстан футбол федерациясына қарайды делінген.
Федерация осы оқиғаға қатысты ресми хабарлама жасады:
«"Қазақстан футбол федерациясы 10 тамыз күні Астанадағы футбол алаңында болған оқиғаға қатысты алаңдаушылық білдіреді. Алдын ала мәлімет бойынша, жаттығу кезінде футбол қақпасы баланың үстіне құлаған. Зардап шеккен бала медициналық мекемеге жеткізіліп, қазіргі уақытта оған қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр", - делінген ресми хабарламада.»
—
Федерация балаға және оның отбасына қолдау білдіреміз деп отыр.
«"Бұл футбол алаңын Қазақстан футбол федерациясы жеке футбол мектебіне жаттығу жиындарын өткізу үшін жалға берген. Қазіргі уақытта ҚФФ оқиғаның барлық мән-жайын анықтап, нысан мен құрал-жабдықтардың техникалық жағдайына ішкі тексеру жүргізіп жатыр", - дейді федерация мамандары.»
—
Жарақат алған баланың жағдайы ауыр, жан сақтау бөлімінде жатыр.
