Астана қаласында 1 шілдеден бастап 2026-2027 оқу жылына мектепке дейінгі ұйымдарға топтарды жинақтау басталады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Биыл 2 жастан 5 жасқа дейінгі балалар үшін мемлекеттік және жекеменшік балабақшаларда шамамен 15 мың бос орын көзделген. Ата-аналар орын бөлудің басталуына алдын ала дайындалып, ED24.kz мобильді қосымшасын жүктеп, авторизациядан өтіп алулары қажет.
«INDIGO – электронды балабақша» жүйесіндегі жеке кабинетке қолжетімділікті тексеру, яғни логин мен құпиясөздің өзекті екеніне көз жеткізу қажет. Өтініштің белсенді екеніне, мұрағатқа түспегеніне, мерзімі өтіп кетпегеніне немесе «стоп-лист» статусында еместігіне көз жеткізу маңызды», - деп жазылған хабарламада.
Сондай-ақ алдын-ала бірнеше мемлекеттік және жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдарды міндетті түрде таңдауларыңыз қажет. Алгоритмге сәйкес, бос орындар ең алдымен күту парағында тұрған балаларға бөлінеді. Қазіргі уақытта мемлекеттік балабақшаларда күту парақтары толық қалыптастырылған.
«Балабақшада бос орын пайда болған жағдайда жүйе кезектегі бірінші адамға автоматты түрде хабарлама жібереді», – дейді білім басқармасы басшысының орынбасары Маржангүл Қайырбаева.
Егер бір күнтізбелік күн ішінде жауап берілмесе, оның өтініші күту парағынан алынып тасталып, хабарлама кезектегі келесі қызмет алушыға жолданады.
