Қазақстанның ірі қалаларында алдағы үш күнде ауа райы құбылмалы болады: елордада аяз күшейсе, оңтүстікте көктемнің лебі сезіліп, ауа температурасы +16 градусқа дейін көтеріледі, деп хабарлайды Qazaqyia ақпарат агенттігі.
Астана
8 ақпанда елордада жауын-шашынсыз, бірақ түнде сынап бағанасы -21-23 градусқа дейін төмендейді. Алайда 9 ақпаннан бастап күн күрт жылынып, қар аралас жаңбыр жауады, көктайғақ болып, бұрқасын соғады. Ауа температурасы түнде -8-10 градус болса, күндіз -1 градустан +1 градусқа дейін көтеріледі. 10 ақпанда да осындай ауа райы сақталып, оңтүстік-батыстан соққан желдің екпіні секундына 20 метрге жетуі мүмкін.
Алматы
Алматыда 8 ақпан күні түнде қар жауып, тұман түсіп, көктайғақ болуы ықтимал. Күндіз ауа температурасы +1+3 градус болады. Келесі екі күнде жауын-шашын күтілмейді. 9 ақпанда күн +7+9 градусқа дейін жылынса, 10 ақпанда термометр бағанасы +10 градусты көрсетеді. Түнде де температура 0 градустан төмендемейді.
Шымкент
Еліміздің оңтүстігінде нағыз көктемгі ауа райы орнайды. Шымкентте 8 ақпанда жауын-шашын болмайды, бірақ түнде және таңертең тұман түседі. Күндіз ауа +12+14 градусқа дейін қызады. 9 ақпанда күн одан әрі жылынып, +14+16 градусқа жетеді, бірақ күндіз жаңбыр жаууы мүмкін. 10 ақпанда да жаңбырлы ауа райы сақталып, күндіз +10+12 градус жылы болады. Осы күндері оңтүстіктен соққан желдің екпіні секундына 15-20 метрге дейін жетуі ықтимал.
Фото: Әлеуметтік желіден
