Астанада краннан құлаған Ақмарал Қарабалина бір аяғынан айырылды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Қайғылы оқиға

Ақмарал Қарабалина "Қазстройподряд" компаниясында кран машинисі болып жұмыс істегеніне бір жыл толған. Қайғылы оқиға 31 тамызда Астанада болған.

Бастық асықтырған

"Бастықтар кранды "тез-тез бөлшектеңдер" деп тапсырма берді. 1 қыркүйекке дейін үлгеру керек болды. Біз тұрғын үй құрылысының паркингін жасап жатқанбыз", – дейді Ақмарал Қарабалина.

Қауіпсіздік техникасы сақталмаған

Ақмаралдың айтуынша, кранды бөлшектеу кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ететін арнайы мамандар болмаған.

"Біз құлап кетпес үшін арнайы ұстап тұратын қауіпсіздік белбеуі болуы керек еді, бірақ бізде ол болмады. Кранды бөлшектейтін автокран қайда деп сұрадым. Механик Дәурен "қазір келеді" дей берді. "Бөлшекте тез, Ақмарал, кранға шыға бер" деп асықтырды", – дейді ол.

Сақтандыру белбеуі де болмаған

Құрылысшының айтуынша, кранды бөлшектеу кезінде қауіпсіздікпен айналысатын арнайы бригада да келмеген. Әдетте биік кранды бөлшектеу жұмыстары солардың көмегімен жүргізілген.

"Біздің сақтандыру белбеуіміз болған жоқ. Артымнан келіп, "тез бар, сен кранға шыққанша арнайы бригада келеді" деп бастықтар асықтырумен болды. Қосымша жалдамалы екі жігіт келіпті, кім екендері белгісіз. Өрімдей жас жігіттер, олар кранды бөлшектеуді білмейді де. Сорғыны қосуды да білмейді", – дейді Ақмарал.

10-11-қабат деңгейіндегі биіктіктен құлаған

Ақмаралдың айтуынша, басшылық оны кранның басына асығыс шығарған.

"Бір секциядан емес, екі секциядан бөлшектеңдер деп айқайлады. Кранды бөлшектегенде бір немесе екі секциядан шешіледі. Мен олармен айқайласып, бір секциядан ғана шешеміз деп сөзге келдім. Сол арада кран сілкініп кетіп, шамамен 10-11-қабат деңгейіндегі биіктіктен жерге құлап кеттім", – дейді зардап шеккен әйел.

Кранды Ақмарал және тағы екі жұмысшы бөлшектеген. Кран құлаған кезде Ақмарал ауыр жарақат алған, ал екі жігіттің бірі оқиға орнында көз жұмған.

"Қауіпсіздік техникасы сақталмады. Кранды бөлшектеу кезінде бұған дейін дәнекерлеушілер мен электриктер үнемі тексеретін. Бұл жолы олай болмады", – дейді Ақмарал Қарабалина.

Басшылық көмектен бас тартты

Қазір 45 жастағы Ақмаралдың жағдайы ауыр. Құрылыс алаңында құлаған кранның астынан әйелді шығару үшін ұзақ уақыт қажет болған.