Астанада сот 46 жастағы ер адамға қоғамдық көліктегі әдепсіз әрекеттері үшін 10 тәулік әкімшілік қамау жазасын тағайындады. Ол автобустағы жыныстық қудалау туралы айтқан қыздың жазбасы жарияланғаннан кейін ұсталды, деп хабарлады полиция. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Threads әлеуметтік желісіндегі пайдаланушы қыз жолаушының оны әдейі ұстағанын жазған. Оның айтуынша, бұл жанасулар кездейсоқ немесе салондағы тығыздыққа байланысты болмаған.
«Мен жамбасыма үйкелісті сезіндім. Бұрылып қарасам, оның қолын көрдім. Бұл тығыздықтан болған кездейсоқ жанасу емес еді. Ол мені ұстап-сипап жатты», — деп жазды ол.
Қыз өзінің шеткері кетіп, ер адамға ескерту жасағанын және оны суретке түсіргенін айтты. Осыдан кейін ол болған жайды жария түрде айтуға шешім қабылдады.
«Мен сол сәтте күшім жеткенін жасадым: оны тоқтаттым, суретке түсірдім және қазір бұл туралы жария түрде айтып отырмын», — деді жазба авторы.
Ол сондай-ақ полицияға жүгінген кезде жыныстық қудалау фактісін дәлелдей алатынына күмәнданғанын мойындады.
Полиция өкілдері жарияланымды әлеуметтік желілерді мониторингілеу барысында тапқанын хабарлады. Қызметкерлер 46 жастағы Жанат Шартыхбаевты анықтап, ұстады. Оған қатысты әкімшілік іс қозғалып, уақытша ұстау бөлмесіне қамалды.
Сот шешімімен ер адамға 10 тәулік әкімшілік қамау жазасы тағайындалды.
«Әрбір азаматтың қоғамдық орындарда қауіпсіздікке және құрметті қарым-қатынасқа құқығы бар», — деп еске салды полиция.
Бұған дейін «Курсив» Астанада inDrive такси жүргізушісіне жолаушыға интимдік сипаттағы ұсыныстар жасағаны үшін 10 тәулік әкімшілік қамау жазасы тағайындалғаны туралы жазған болатын.
